Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясы аясында «PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы өкілдерінің Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбо мырзамен жұмыс кездесуі өтті.
«PARYZ» делегациясын Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және конфедерацияның бас директоры Қаныбек Жаңбырбаев таныстырды.
Кездесу барысында 2024 жылғы қыркүйекте ХЕҰ Бас директорының Қазақстанға жасаған сапарынан кейінгі екіжақты ынтымақтастық қорытындыланды. Жильбер Унгбо «PARYZ» конфедерациясының қызметіне жоғары баға беріп, оның әлеуметтік әріптестікті дамытуға және елдегі жұмыс берушілер позициясын нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
ХЕҰ басшысы Қазақстандағы «PARYZ» конфедерациясының әлеуметтік және экономикалық күн тәртібіндегі белсенді рөлін ерекше атап өтіп, бұл тәжірибенің халықаралық деңгейде назар аударуға лайық екенін айтты.
Кездесудің негізгі жаңалығы ретінде ХЕҰ Бас директоры «PARYZ» Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұловты халықаралық жұмыс берушілер бірлестіктері тетігі арқылы ХЕҰ-ның консультативтік-кеңесші органына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, бұл қадам Қазақстанның халықаралық еңбек күн тәртібіндегі орнын кеңейтуге және отандық өндірушілер мен өнеркәсіптік компаниялардың мүдделерін қорғауға жол ашады.
Сондай-ақ, осы күні ҚР ҰКЖК «PARYZ» делегациясының ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беат Андреес ханыммен кездесуі өтті.


