«PARYZ» Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің Ұлттық конфедерациясының қатары айтарлықтай кеңеюде: бірлестікке еліміздің түрлі өңірлері мен экономика салаларынан 55 жаңа ұйым қосылды.
Бұл – «PARYZ»-ға бизнес мүдделерін қорғауда тиімді әрі беделді алаң ретінде артқан сенімді айқын дәлелдейді.
Жаңа мүшелер қатарында тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, газ саласы, геология, агроөнеркәсіптік кешен, қызмет көрсету саласы, логистика, ақпараттық технологиялар және басқа да бағыттардың өкілдері бар.
Бұл Конфедерация миссиясының өзектілігін, сондай-ақ оның әлеуметтік әріптестікті дамытудағы, тұрақты іскерлік ахуалды қалыптастырудағы және барлық деңгейдегі жұмыс берушілердің мүдделерін ілгерілетудегі маңызды рөлін көрсетеді.
«Біз үшін бұл – жай ғана сандық өсім емес, бұл Конфедерацияның бизнес үшін қуатты біріктіруші орталық ретіндегі позициясының нығаюы. Сонымен қатар, бұл – біз бағалайтын және ақтауға тырысатын бизнес қауымдастығының зор сенімі мен үлкен жауапкершілігінің көрінісі. Біз жаңа серіктестерімізді қарсы алуға қуаныштымыз және бірлескен жұмыс Қазақстанда бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді «PARYZ» ҰЖБК Президиумының Төрағасы Жұмабек Жанықұлов.
«PARYZ» Ұлттық конфедерациясы мемлекеттік органдармен тиімді диалогты кеңейту, кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамаларды әзірлеуге қатысу және жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын ілгерілету бойынша жұмысын жалғастыруда.
Еске салайық, «PARYZ» – Қазақстандағы жұмыс берушілердің ең ірі бірлестігі. Оның мақсаты – бизнес мүдделерін қорғау, тұрақты даму қағидаттарын насихаттау және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру.