1998 - 1999 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің экономикалық саясатында мемлекеттік билік, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік серіктестікті (үш партизмді) дамытуға баса назар аударылды. Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіпкерлікті дамытуға, шағын бизнесті басқару әдістерін жетілдіру үшін атсалысуға бағытталған кең ауқымды бағдарламалар әзірледі. Бұл бағдарламалар мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға қабілетті жұмыс берушілер ұйымдарының (бірлестіктерінің) кең желісін құруды қарастырды.
Қазақстан Республикасы Парламентінің 2000 жылғы желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік серіктестік туралы» Заңын қабылдауы, атқарушы билік органдары және жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің мүдделерін үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған қатынастар жүйесі мен тетіктерінің дамуына жаңа серпін берді.
1999 жылдың тамыз айындағы деректер бойынша, Қазақстан Республикасында 57 қоғамдық ұйымдар, кәсіби және іскерлік қауымдастықтар тіркелген.
Қазақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы (ҚӨКО) 1995 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі, кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілер арасындағы Бас келісімді жасасуға қатысты.
Бұл одақ Қазақстан Республикадағы жұмыс берушілердің белгілі бір бөлігін ғана таныта отырып, аталған келісімге қол қою арқылы барлық жұмыс беруші ұйымдардың жауапкершілігін өз мойнына алды.
Қазақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы 1999 жылы тамызда еліміздің барлық жұмыс берушілерін біріктіріп, Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер конфедерациясын құру туралы бастама ұсынды. Аталған идеяны Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар қолдады
Осылайша, Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) 1999 жылы Алматы қаласында «Өтпелі экономикасы бар елдерде жұмыс берушілер ұйымдарын нығайту» тақырыбында ТМД елдері үшін аймақтық конференциясын және Санкт-Петербург қаласында еңбек және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ХЕҰ және ТМД сарапшыларының халықаралық конференциясын, Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE), АҚШ Сауда Палатасы (Вашингтон) және Халықаралық бизнес Жоғары мектебімен бірлесе отырып, Қазақстан бизнес-қауымдастықтарының басшыларына арнап семинар ұйымдастырды.
Аталған іс-шаралар барысында ТМД елдерінде жалпы саясатты жүзеге асыруды және жұмыс берушілердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін бірыңғай жұмыс берушілер ұйымдарының тапшылығы атап өтілді.
1999 жылдың 22 желтоқсанында жұмыс берушілердің І Құрылтай ассамблеясы өтті. 23 кәсіподақ пен бірлестік ҚРЖБК Жарғысына және Құрылтай келісіміне қол қойды. Сондай-ақ, Құрылтай ассамблеясы барысында ұйымның эмблемасы, туы, басқару құрылымы бекітіліп, Конфедерацияның негізгі мақсаттарын айқындайтын Меморандум қабылданды. Жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Конфедерациясын мемлекеттік тіркеу шарасы 2000 жылғы 12 қаңтарда өтті.
Конфедерацияның құрылтайшылары – «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» Қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан Республикасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлестігі» қауымдастық түріндегі ЗТБ, «Азық-түлік кәсіпорындарының одағы» ЗТБ.
Егер ҚРЖБК құрудың бірінші кезеңінде Атқарушы дирекция өз жұмысын мыңға жуық заңды тұлғалар мен олардың аймақтық құрылымдарын қамтитын қауымдастықтар мен одақтар арқылы құрса, ал 2000 жылдан бастап ол ел аумағындағы тағы 120 ірі кәсіпорынмен тікелей жұмыс істей бастады. 2000 жылдың 27 мамырында Қазақстан Республикасындағы жұмыс берушілердің екінші ассамблеясы өткізіліп, ҚР барлық жұмыс берушілеріне арналған Үндеу қабылданды, онда былай делінген:
“Конфедерацияны одан әрі дамыту және нығайту үшін оның қатысушыларының санын кеңейту және оларға көпжақты білікті қолдау көрсету негізінде Қазақстан Республикасының барлық жұмыс берушілерінің күш-жігерін біріктіру өмірлік маңызды деп есептелсін”.
Жұмыс берушілердің екінші ассамблеясы қаулы қабылдағанына бір жыл толды. Енді екінші Ассамблея Қаулысының негізгі тапсырмаларын Басқарма мен Атқарушы дирекция орындады деп айта аламыз. Осылайша, 2001 жылдың басынан бері, Атқарушы дирекция Халықаралық Бизнес Академиясы басқаратын бірқатар ұйымдармен бірлесіп, «Бизнес білім сапасын бағалау технологиясын әзірлеу» жобасын жасау үстінде.
2000 жылдың аяғына қарай жаңа ірі кәсіпорындардың қосылуына байланысты ҚРЖБК мүшелерінің саны артты. 2001 жылдың 20 шілдесіндегі жағдай бойынша, 1463 кәсіпорын ҚРЖБК мүшелігіне өткен. Бүгінгі таңда, мүшелік базасына 1,5 мың қауымдастырылған мүшелері бар 23 жұмыс берушілер бірлестігі мен 150 кәсіпкерлік субъектілері кіреді.
Конфедерация - 20 жыл бойы Бас келісімге қол қоюшы, Республикалық үшжақты комиссияның (РҮК) және ЕХӘҚМ жанындағы РҮК жұмыс топтарының мүшесі. Осы уақыт ішінде Конфедерация Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ), Ресей өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағымен (РӨКО), Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлердің халықаралық конгресімен (ICIE) ынтымақтастық орнатқан.
Конфедерация салалық және өңірлік келісімдерді әзірлеу кезінде жұмыс берушілердің салалық және аймақтық бірлестіктерінің үйлестірушісі мен кеңесшісі қызметін жалғастыруда. Сондай-ақ, Конфедерация - ЦДИАӨМ 2021-2023 жылдарға арналған салалық келісіміне қол қоюшы және үшжақты комиссияның, он аймақтық келісімнің, салалық және өңірлік комиссиялардың мүшесі. 2022 жылдың сәуірінде Конфедерацияның кезектен тыс XII съезі өтті, онда Конфедерацияға енгізілген жаңа өзгерістер таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Конфедерациясының атауы «PARYZ» Ұлттық Жұмыс берушілер Конфедерациясы болып өзгертілді, Конфедерация мүшелерінің құқықтарын республика аумағында және одан тыс елдерде қорғау және оған өкілдік етуге қатысты ұйымның ұстанымдары күшейтілді, президиум құрамы өзгертілді - бүгінде бұл негізінен бизнес өкілдері мен салалық нарық сарапшылары, Конфедерацияның ребрендингі өтті