Бүгін Өскемен қаласында «PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясының бастамасымен және «Қазцинк» ЖШС қолдауымен Әлеуметтік диалог орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Оған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, іскерлік қоғамдастық, кәсіподақтар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Орталық мемлекет, жұмыс берушілер және қызметкерлер арасындағы конструктивті диалогқа арналған платформа болып табылады. Оның мақсаты – еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын тұрақты реттеу механизмдерін қалыптастыру.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті:
«Өнеркәсіптік өңірде еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау әрқашан басымдыққа ие. Әлеуметтік диалог орталығы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға маңызды құрал болады».
«PARYZ» ҰЖБК президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов орталық ашылуын диалог пен сенім мәдениетін дамытуға саналы қадам деп атап өтті:
«Біз даулардың алдын алуға және әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптарының мүдделерін ескеретін шешімдер қабылдауға басымдық береміз».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев:
«Өскемен қаласында әлеуметтік диалог орталығын ашу – әлеуметтік қауіп-қатерлерді болдырмауға және келіссөз мәдениетін арттыруға бағытталған уақтылы әрі практикалық қадам», – деді.
«Қазцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин бизнестің әлеуметтік серіктестікті дамытудағы рөлін атап өтті:
«Ірі өнеркәсіптік компаниялар үшін қызметкерлермен ашық диалог пен әлеуметтік жауапкершілік тұрақты дамудың негізгі шарттары болып табылады. Осы контексте Әлеуметтік диалог орталығы – еңбек қауіпсіздігіне, сенімге және өңірдің тұрақтылығына қосқан үлес», – деді.




