«PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясына кіретін жұмыс берушілер, бизнес өкілдері мен салалық қауымдастықтар тарифтік саясат пен өнеркәсіпті дамытуға қатысты өзекті бастамаларды нормативтік құқықтық актілер (НҚА) жобаларын қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысында талқылады.
Отырыс барысында екі мәселе қаралды:
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі, Су ресурстары және ирригация министрі мен Энергетика министрінің бірлескен бұйрығының жобасы – «Табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерімен технологиялық жағынан байланысты қызметтер тізбесін бекіту туралы».
Құжат табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтер тізбесін технологиялық өзара байланысын ескере отырып нақтылау мен жүйелеуге бағытталған. Отырысқа қатысушылар тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету және реттелетін қызметтерді қалыптастыруда бірыңғай тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі сұрау салуын қарады.
Талқылау барысында бизнес пен салалық қауымдастықтар өкілдері теңгерімді өнеркәсіптік және тарифтік саясатты қалыптастыру мақсатында ұсыныстарды бірлесе әзірлеуге және ашық диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Жұмыс берушілер конфедерациясы іскерлік ахуалды жақсартуға және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік бастамаларды сараптамалық тұрғыдан қолдауды жалғастырады.