Қ. Қадырбайұлы Әлеуметтік даму мәселелері бойынша екінші Дүниежүзілік саммитке қатысуда
Катарда «Әлеуметтік даму мүддесіндегі екінші жоғары деңгейдегі жаһандық кездесу» атты Дүниежүзілік әлеуметтік саммит өтуде.
Қазақстан атынан Халықаралық еңбек ұйымының делегациясы құрамында «PARYZ» ҚР ҰЖБК бас директоры Қаныбек Қадырбайұлы қатысуда.
Қаныбек Қадырбайұлы инклюзивті әрі тұрақты қоғам құрудағы жеке сектордың рөліне және кедейлікті азайту мәселелеріне арналған пленарлық сессиялар мен дөңгелек үстелдерге қатысты. Ел дамуы жолында ешкім назардан тыс қалмауы керек деген қағидаға ерекше мән берілді. Сондай-ақ, бизнес саласындағы адам құқықтарының сақталуы да талқыланды.
Талқылаулар барысында бизнес қоғамдағы оң әлеуметтік өзгерістерге белсенді атсалысуы тиіс екені атап өтілді. Тек мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері ғана баршаға тең мүмкіндік беретін орта қалыптастыра алады.
Саммит Катар мен Францияның бастамасымен, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қатысушылар кедейлікпен күрес, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы табысты тәжірибелерін ұсынды.
Еске салсақ, алғашқы Дүниежүзілік әлеуметтік даму саммиті 1995 жылы Копенгагенде өткен болатын. Сол кезде қабылданған шешімдер жаһандық әлеуметтік саясаттың негізіне айналды. Алайда бүгінгі таңда цифрландырудың жедел дамуы мен экономикалық тұрақсыздық жағдайында саммит алдағы онжылдықтарға арналған жаңа жаһандық шешімдерді қабылдауға бағытталған.