2026 жылғы 3 шілдеде Астанадағы Назарбаев Университетінде адами капиталды басқару саласы бойынша Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ауқымды жиын өтті. «Факт күші. «Деректен – іске» тақырыбында «Paryz» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы мен Қазақстанның HR-менеджерлер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған Human Capital Forum 2026 форумына 250-ге жуық қатысушы жиналды.
Нарықты дүр сілкіндірген зерттеу
Форумның басты жаңалығы – еліміздің еңбек нарығы тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды Paryz Bridge зерттеуінің алғаш рет көпшілікке таныстырылуы еді. Бұл жобаға экономиканың 8 саласында қызмет ететін 100-ден астам компания мен еліміздің түкпір-түкпірінен 150 мыңнан астам қызметкер қамтылды.
Зерттеу барысында жұмыс істейтін жандардың көзқарасы, компаниялардағы HR-жүйесінің деңгейі және олардың нарықтағы абырой-беделі қатар ескерілген. Мамандардың жұмысқа ынтасы, күйзеліс деңгейі, басшылыққа деген сенімі алғаш рет нақты салалар бойынша салыстырмалы көрсеткіш ретінде ұсынылды.
«Біздің басты мақсатымыз – кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін көрсету емес. Біз үздік тәжірибелерді анықтап, бизнестің бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік жасағымыз келеді. Тәуелсіз бағалаудан өтуге жүрексінбей, ашықтық танытқан компаниялар өздерінің кемелденгенін, жауапкершілігі жоғары екенін дәлелдеді», — деп атап өтті «Paryz» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов.
Үздіктердің үлесі еленді
«Құрмет күші» деп аталған салтанатты шарада Paryz Bridge рейтингінің қорытындысы жарияланып, өз саласында озық шыққан жұмыс берушілер марапатталды. Үздіктерге сыйлықтарды «Paryz» конфедерациясы мен HR-менеджерлер қауымдастығының басшылары табыс етті.
Ірі бизнес жетекшілері не дейді?
Форум аясында өткен «Шешімдердің күші» атты панельдік пікірталаста елдегі ірі мекемелердің бірінші жетекшілері бас қосты. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев модераторлық еткен жиында Юрий Пя (UMC), Джаббор Каюмов (Beeline Қазақстан), Рейнхард Вильюн (KAZ Minerals Aktogay), Нариман Мұқышев (Halyk Bank) және Евгения Ни («Эйр Астана») сөз сөйледі. Олар қазіргі деректер мен жасанды интеллект дамыған заманда маңызды шешімдерді қалай қабылдау керектігін талқылады.
Форум бағдарламасындағы басқа да қызықты сәттер:
«Диалогтың күші» секциялары: Дүниежүзілік трендтер мен Қазақстандағы еңбекақы нарығына шолу жасалып, EY (Ernst & Young) сарапшыларымен бірге төрт бағытта талқылау өтті. «Жастар күші» антиконференциясы: Forbes «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енген жас кәсіпкерлермен еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды. HR Recognition: Жылдың ең үздік HR-мамандары мен нәтижелі жоба авторлары марапатталды. Кешкі бағдарлама: Ресми бөлімнен кейін қонақтар гала-кеш, «Әзілдің күші» атты HR-стендап және Afterglow 2026 бейресми кездесуінде бас қосты.
Анықтама:
Human Capital Forum — Қазақстан мен Орталық Азиядағы HR-басшылардың, топ-менеджерлер мен жұмыс берушілердің басын қосатын, адами капиталды дамытуға арналған жыл сайынғы ең негізгі бас қосу.
Paryz Bridge — мекемелердің әлеуметтік тұрақтылығын қызметкерлердің көзқарасы, HR-жүйенің дамуы және еңбек нарығындағы беделі бойынша бағалайтын Қазақстандағы тұңғыш республикалық зерттеу мен жұмыс берушілер рейтингі.