Соңғы Жаңалық

PARYZ конфедерациясы Жұмыс берушілер қауымдастықтарын қолдау орталығы мен Әйел жұмыс берушілер платформасының іске қосылатынын жариялады

👁 0

Астанада NEF 2026 Қазақстан жұмыс берушілер қауымдастықтарының бірінші ұлттық форумы өтті. «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы ұйымдастырған шараға бейінді қауымдастықтардың, ірі бизнестің, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшыларды қоса алғанда 600-ге жуық қатысушы жиналды.

Форумның басты ақпараттық себебі — қазақстандық бизнестің әлеуетін күшейтуге арналған екі жаңа институционалдық тетікті құру жоспары туралы жаңалық болды. PARYZ конфедерациясы Жұмыс берушілер қауымдастықтарын қолдау орталығы мен Әйел жұмыс берушілер платформасының құрылатынын аңдатты. Аталған платформа әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталады.

Пікірталастардың негізгі тақырыбы — цифрландыру дәуіріндегі жұмыспен қамту саласының трансформациясы болды. Қатысушылар жасанды интеллектің компаниялардың өнімділігіне тигізетін әсерін және кадрларды даярлаудың жаңа стандарттарын талқылады. Маңызды сессияларға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жасұлан Мәдиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, «PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, кәсіпорын басшылары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіподақ бірлестіктері мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

Жаһандық күн тәртібін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) спикері Хенрик Моллер және Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының Бас хатшысы Роберто Суарес Сантос таныстырды. Хенрик Моллер өз сөзінде мықты әрі тәуелсіз жұмыс берушілер қауымдастықтары бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың басты құралына айналып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, форум алаңында көрме ұйымдастырылып, онда 30-дан астам бейінді бірлестік құрылыс пен логистикадан бастап, фармация мен агроөнеркәсіптік кешенге дейінгі экономиканың жетекші секторларының әлеуетін паш етті.

PARYZ конфедерациясы форумның өтуіне зор қолдау көрсеткен серіктестер мен демеушілерге: «Karazhal Operating» ЖШС, «Aksai Operating» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Самрук-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Eurasian Resources Group (ERG), «Kazzinc» ЖШС және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-не ерекше алғыс білдіреді.

Қорытындылай келе, PARYZ Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов бұл форум бизнесті шоғырландырудың және еңбек нарығын жаңғыртуға деген бірлескен жауапкершіліктің негізін қалағанын атап өтті. Шара қазақстандық бизнестің ашық әрі қуатты еңбек нарығын қалыптастыру жолында күш біріктіруге дайын екенін нақты көрсетті.

Тізімге оралу