23-26 қараша аралығында Түркістан қаласында 300-ге жуық компания мен белгілі мемлекеттік қайраткерлер, отандық және шетелдік бизнесмендердің қатысуымен Халықаралық инвестициялық форум өтуде. Шара өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, экономиканы әртараптандыру үшін инвестиция тарту, жетекші шетелдік компаниялармен іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған.
Форумның пленарлық отырысында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбында сөйлеген сөзінде «PARYZ» Конфедерациясының Президиум төрағасы Жұмабек Жанықұлов Конфедерацияның қызметіне тоқталып, еліміздің инвестициялық ахуалы қалыптасқан «мемлекет-қызметкер-жұмыс беруші» жүйесінің сапасына байланысты екенін атап өтті. Бұл ретте Түркістан өңірі ең айқын көрінетін аймағы болып табылады және Конфедерация инвесторлар үшін кіру нүктесі ретінде өңірде әлеуметтік диалог орталығын ашуды жоспарлап отыр деп айтты.
Айта кету керек, іс-шараның модераторы «PARYZ» Конфедерациясы Президиум төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков болды.
Шара барысында барлығы 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды. Облыста 2025-2028 жылдарға жоспарланған 111 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Жобалар толық іске асырылса, шамамен 24 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.