11 маусым күні Астанадағы Халықаралық көрме орталығында алғашқы EXPOGOODS CENTRAL ASIA Халықаралық Экспо-форумы өз жұмысын бастады.
Іс-шараның ресми ашылуына Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти қатысты.
«Орталық Азия үлкен әлеуетке ие. Қазақстан – Батыс пен Шығыстың түйіскен жерінде орналасқан хаб ретінде тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп отыр. Елдер арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл сауда дамуына және экономиканы әртараптандыруға серпін береді», – деді ҚР Сауда министрі Арман Шаққалиев.
Форум аясында Иран, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Эстония, Латвия, Беларусь, Ресей және Қазақстанның 200-ден астам компаниясы өз өнімдерін ұсынды. Олар: азық-түліктер, сусындар, биологиялық белсенді қоспалар, қонақжайлылық индустриясына арналған жабдықтар мен құралдар, тұрмыстық және интерьер тауарлары, ыдыс-аяқ, тұрмыстық химия, косметика, гигиеналық құралдар және демалысқа арналған өнімдер. Сонымен қатар қатысушылар қаржылық, логистикалық қызметтер және бизнеске арналған сервистік қызметтермен танысуға мүмкіндік алды.
Форум аясында Astana International Trade Forum да өтуде – бұл салалық ритейл индустриясындағы маңызды оқиғалардың бірі. Мұнда сыртқы және ішкі сауданы дамыту, сондай-ақ Орталық Азия мен Каспий аймағы елдерімен интеграция мәселелері талқылануда.