Астана қаласында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Кездесуде елордадағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелері талқыланды.
Күн тәртібінде:
Еңбек тәуекелдері картасына енгізілген кәсіпорындардағы жағдай;
Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауы және олардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету;
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және тәлімгерлік мәдениетін дамытуға бағытталған республикалық «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына өтінім қабылдау.
Отырыс Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхановтың төрағалығымен өтті, оған әлеуметтік әріптестік тараптарының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. «PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы атынан бас директордың орынбасары Шолпан Әбікенова қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын ұсынды.
Шолпан Әбікенова өз сөзінде еңбек тәуекелдері картасына енгізілген кәсіпорындар бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті: тәуекел себептерін анықтап, алдын алу шараларын уақтылы қабылдап, мониторингті күшейту қажет екенін айтты.
Жол-көлік қауіпсіздігі мәселесіне қатысты жүргізушілердің еңбек режимін сақтау, олардың демалуына және еңбек қауіпсіздігі нормаларын ұстануына лайықты жағдай жасау керектігіне назар аударды.
Сонымен қатар, Шолпан Әбікенова «PARYZ» конфедерациясы «Парыз» және «Еңбек жолы» республикалық байқауларына жұмыс берушілерді тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын, бұл орайда жұмысшы мамандықтарын насихаттауға, еңбек әулеттерін қолдауға және тәлімгерлік институтын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы үйлесімді іс-қимылдың әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайту, еңбек жағдайларын жақсарту және елордадағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңыздылығы расталды.