Последняя
Новость

Астанада Еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық форум өтіп жатыр

38 Бөлісу

28-сәуірде Астанадағы «Қазмедиа орталығында» «Қауіпсіз еңбек: жаңа сын-тегеуріндер мен цифрлық шешімдер» халықаралық көрме-форумы өз жұмысын бастады.

Шара Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен жыл сайын 28 сәуірде әлемнің барлық елдерінде өткізілетін Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау күніне орайластырылған.

Форумды Халықаралық еңбек ұйымы мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «PARYZ» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясы ұйымдастырды.

Форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде PARYZ Конфедерациясы Президиумының Төрағасы Жұмабек Жанықұлов: «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жұмыс берушінің тікелей жауапкершілігі болғандықтан жұмыс орнындағы кедергілер толықтай алынып, жұмысшылардың барлық мүмкіндіктерін ашуға қолайлы жағдай жасалуы тиіс деп санаймын. Форум барысында осы және еңбек қауіпсіздігіне қатысты ең өзекті тақырыптардың шешімін бірге іздейміз», - деп атап өтті.

Форумда мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар кәсіподақтар, сарапшылық қауымдастық пен бизнес өкілдері бас қосты.

2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын және 2024-2030 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасын жүзеге асыруда цифрлық өнімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Іс-шарада стратегиялық сессиялар, арнайы салалық семинарлар мен дөңгелек үстелдер аясында өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланып, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, оның ішінде цифрландыру және инновациялар саласындағы озық тәжірибелер ұсынылатын болады.

Форум еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелердің шешімін іздеп, цифрлық технологияларды енгізуге арналған ірі алаң болады.

Бағдарламада мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, кәсіподақтар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен стратегиялық сессиялар, дөңгелек үстелдер мен салалық семинарлар жоспарланған.

Сондай-ақ іс-шарада отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еңбекті қорғау саласындағы қызмет көрсету нарығы мәселелері талқыланады.

Форумның аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың, сондай-ақ бірқатар орталық мемлекеттік органдардың, республикалық кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтеді.

Әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшылар тапшылығын жою бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімдер жасау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері талқыланады.

Форум алаңында алғаш рет Қазақстандық жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер одағының бастамасымен еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және санитарлық қауіпсіздік саласындағы отандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл қазіргі уақытта Қазақстанда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып жатқан 15 қазақстандық компания – ЖҚҚ және арнайы киімдердің отандық өндірушілері, медициналық ұйымдар, консалтингтік компаниялар және цифрлық шешімдерді әзірлеушілер. «PARYZ» Жұмыс берушілер Конфедерациясын Халықаралық Еңбек Ұйымы Қазақстанның жұмыс берушілерін халықаралық деңгейде ұсынатын, халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық деңгейде ілгерілететін стратегиялық әлеуметтік серіктес ретінде таниды.

Іс-шараны ұйымдастыру комитетінің құрамына Қазақстанның жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер одағы, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлері одағы және Қазақстандық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік қауымдастығының өкілдері кіреді.  Іс-шараның демеушілері Қостанай минералдары, KAZ Minerals, ҚАЗЦИНК және Heidelberg Materials  group.

Естеріңізге сала кетейік, «Қауіпсіз жұмыс: жаңа міндеттер мен цифрлық шешімдер» халықаралық көрмесі мен форумы екі күн бойы, яғни 28-29 сәуірде өтеді.