Последняя
Новость

Еңбек инспекциясы, «PARYZ» Конфедерациясы және кәсіподақтар еңбек саласындағы өзекті мәселелерді талқылады

4 Бөлісу

«PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдерімен өткен өңірлік кеңестерге қатысты. Талқылауға кәсіподақ ұйымдарының өкілдері де қатысты..

Кездесулер барысында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек шарттарын тіркеу және есепке алу бірыңғай жүйесімен (ЕШЕБЖ) қамтылуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру (ЖОМС) жүйесінің тиімділігі және ұжымдық шарттар институтын дамыту мәселелері қаралды.

Жұмыс берушілер атынан сөз сөйлеген «PARYZ» Конфедерациясы бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова көтерілген барлық мәселелер бойынша бірлескен және жүйелі жұмыс қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол талдау деректері арасында сәйкессіздіктердің болуы мүмкін екенін айтып, оларды нақтылап, қайта тексеру қажеттігін жеткізді.

ЕШЕБЖ жүйесіне байланысты 2025 жылы аударым жасап отырған, бірақ жүйеге тіркелмеген кәсіпорындардың өзекті тізілімін қалыптастыру ұсынылды. Бұл, негізінен, ресурстары шектеулі шағын кәсіпорындар болуы мүмкін. Мұндай ұйымдарға кеңес беру арқылы қолдау қажет. Осыған ұқсас жұмыс электрондық еңбек шарттары жоқ қызметкерлерге қатысты да жүргізілуі тиіс.

ЖОМС жүйесінің тиімділігі жеткіліксіз деп танылды. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйені реформалау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл процеске «PARYZ» Конфедерациясы да белсенді түрде қатысуда.

«Біз өз ұсыныстарымызды уәкілетті органға жолдадық. Қазіргі сақтандыру жүйесі жұмыс берушілер үшін жеткілікті ынталандыру тудырмайды. Қазақстан бойынша қамтылу деңгейі әлемдік көрсеткіштерге сай келеді. Сондықтан негізгі күшті жазалауға емес, ынталандыруға бағыттау қажет», – деп қорытындылады Шолпан Әбікенова.

Кездесу барысында ұжымдық шарттар мәселесі де талқыланды. Ұжымдық шарттарды жасасу – ұлттық және халықаралық құқықта бекітілген ерікті процесс екені атап өтілді. Сонымен қатар, Конфедерация бұл бағытта кәсіподақтармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын екенін білдірді.