10 шілде күні «PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы кеңсесінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып, Конфедерацияның қызметімен танысуға, әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарды ашық талқылауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
«PARYZ» ҚР ҰЖБК бас директоры Қаныбек Жанбырбаев ұйымның миссиясы, әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау және жұмыс берушілердің ұлттық деңгейде мүдделерін ілгерілету саласындағы жетістіктері туралы айтып берді. Сонымен қатар мемлекет, кәсіподақтар және бизнес қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Конфедерацияның негізгі бастамалары таныстырылды.
«Біздің мақсатымыз – жұмыс берушілер, мемлекет және қызметкерлер арасында тиімді диалог орнатып қана қоймай, сонымен қатар қоғам үшін барынша ашық болу. Бұл үдерісте БАҚ-тың рөлі ерекше – олар маңызды месседждерді жеткізіп, лайықты еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Қаныбек Жанбырбаев.
Сондай-ақ ол халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, үздік әлемдік тәжірибелерді зерттеу арқылы «PARYZ» жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылатынын атап өтті. Бұл тек тең құқықты серіктестік пен тараптар мүдделеріне өзара құрмет болған жағдайда ғана мүмкін.
Кездесу барысында қатысушылар тұрақты дамудың үздік тәжірибелерін насихаттау бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады.





