«PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Халықаралық жұмыс берушілер ұйымымен бірлесіп Алматы қаласында «Орталық Азия: өзекті сын-қатерлер мен стратегиялық мақсаттар» атты екі күндік аймақтық воркшоп өткізді.
Бұл семинар алғаш рет ұйымдастырылып, оның мақсаты – әлеуметтік диалог саласындағы әлеуетті арттыру, жұмыс берушілер бірлестіктерін дамыту, әлеуметтік әріптестер арасындағы ынтымақтастықты ұлттық, салалық және корпоративтік деңгейлерде нығайту, ортақ мәселелерді талқылау және өңір үшін стратегиялық мақсаттарды айқындау болды.
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері және «PARYZ» конфедерациясы қауымдастықтарының басшылары қатысты. Сондай-ақ Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымының, Еуропалық Одақтың SOCIEUX+ жобасының сарапшылары, сондай-ақ Украина мен Латвиядан келген әріптестер жұмыс берушілер үшін өзекті құралдарымен және озық тәжірибелерімен бөлісті.
Воркшоп қатысушылары өңірлік ынтымақтастықты нығайту және жұмыс берушілердің даусын күшейту үшін өзара іс-қимылды жалғастыру мен білім алмасудың маңыздылығын атап өтті.


