Последняя
Новость

«PARYZ» Конфедерациясы ЕХЖРҒЗИ-ның Эксперттік кеңесі жұмысына қатысты

7 Бөлісу

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты (ЕХЖРҒЗИ) алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 363 бұйрығына «Кәсіби қауіптерді басқару қағидаларын бекіту туралы» өзгерістер енгізу жобасын талқылауға арналған Эксперттік кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Эксперттік кеңестің жұмысына уәкілетті орган өкілдері, ғылыми қауымдастық, салалық сарапшылар, сондай-ақ жұмыс берушілер мен кәсіподақтар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – 2024–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде кәсіби қауіп деңгейін интегралды бағалау жүйесін Кәсіби қауіптерді басқару қағидалары арқылы енгізу мәселесі болды.

Отырысты ашқан ЕХЖРҒЗИ бас директоры Ләззат Ақтаева ұсынылған өзгерістер еңбекті қорғауды басқару жүйесінің барлық деңгейінде тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қағидалар жобасын талқылау барысында сарапшылар бірқатар ережелердің қосымша пысықтауды қажет ететінін айтты.

Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы «PARYZ» бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова жобаның Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 1-тармағын тек ішінара орындайтынын атап өтті. Атап айтқанда, кәсіби тәуекелдерді интегралды бағалау және кәсіпорындарды қауіп деңгейіне қарай саралау мәселелері толық көлемде енгізілмеген.

«Сонымен қатар, жобада ерекше еңбек жағдайларында (мысалы, жер астында, биіктікте, ашық ауада жұмыс істеу және т.б.) кәсіби тәуекелдерді бағалаудың жекелеген тәртібі, сондай-ақ шағын және микробизнесте тәуекелдерді жеңілдетілген тәртіппен бағалау қарастырылмаған. Аталған олқылықтар жойылмайынша, жаңа Қағидалардың Қазақстан аумағында әрекет ететін барлық ұйымдарға қолданылуын ерте деп есептейміз», – деді Шолпан Әбікенова.

Сарапшылар сондай-ақ кәсіби тәуекелдерді бағалауда қарапайым әрі түсінікті әдістерді қолданудың, өндірістік орта, жабдықтар, аурушаңдық сияқты қауіп факторларын бағалауға арналған барлық қолданыстағы нормативтік тәсілдерді біріктірудің маңыздылығына назар аударды. Бұдан бөлек, интегралды және жеке кәсіби тәуекел деңгейін есептеуде негізсіз 0.7, 0.2, 0.1 коэффициенттері бар формулаларды алып тастау ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар жобаға ұсынылған ескертулерді назарға ала отырып, оны қайта пысықтауды ұсынды. Бұл оны Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында белгіленген стратегиялық мақсаттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар мұндай отырыстардың тұрақты сипатқа ие болатынына үміт білдірді және Халықаралық еңбек ұйымының № 187 Конвенциясына сәйкес, ғылыми зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілмей тұрып әлеуметтік әріптестермен талқылануы тиіс екенін атап өтті.