«PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығын атқарған жұмыстар бойынша есептік кездесу өткізді. Іс-шара барысында Конфедерацияның негізгі қызмет нәтижелері жарияланып, екінші жартыжылдыққа арналған басым бағыттар айқындалды.
Кездесуді ашқан Конфедерация бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова әлеуметтік әріптестікті дамыту және бизнес, мемлекет пен кәсіподақтар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл мәселелері басты назарда қала беретінін атап өтті.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды: мүшелік базаны кеңейту, ұлттық және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде «Атамекен» ҰКП және ҚР ІІМ ҚАЖК-мен меморандумдарға қол қою жүзеге асырылды.
Әлеуметтік әріптестік жүйесін республикалық, салалық және өңірлік деңгейлерде нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Конфедерацияның бастамасымен Еңбек қауіпсіздігі, кадр тапшылығы және салалық келісімдер жасау мәселелері талқыланған республикалық үшжақты комиссияның көшпелі отырысы өткізілді.
Жыл басынан бері Конфедерация өкілдері еліміздің 17 өңірінде өткен үшжақты комиссиялардың 41 отырысына қатысып, өңірлік келісімдерді іске асыру жоспарларын әзірлеуге атсалысты. Салалар бойынша кәсіпорындар мен жұмыскерлер санына талдау жүргізіліп, өңірлік және ұлттық деңгейде басым секторлар анықталды. Конфедерация тау-кен металлургия саласында, машина жасау мен байланыс салаларында салалық келісімдерді әзірлеуге және өзектендіруге қатысты.
Конфедерация жұмысының маңызды бағыттарының бірі – нормашығармашылық қызметке қатысу. 6 ай ішінде ұйым сарапшылары 400-ден астам нормативтік құқықтық акт жобаларын қарады. Сонымен қатар, еңбек саласындағы инспекциялық тексерулердің ашықтығы мен сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Әлеуметтік әріптестік аясында салалық және өңірлік деңгейлерде әлеуметтік диалогты кеңейтуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері институтын нығайту және ХЕҰ-ның №87 Конвенциясына және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс берушілер ұйымдарының өкілділігін анықтау критерийлерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Оқыту бағытына да ерекше назар аударылуда. Мамыр-маусым айларында ХЕҰ сертификаттауы бойынша еңбекті қорғау жөніндегі дәріскерлердің екінші легі даярланды. Бағдарламаға жұмыс берушілер, оқу орталықтары, кәсіподақтар мен мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Халықаралық жұмыс берушілер ұйымымен (IOE) бірлескен онлайн-вебинарлар сериясы өткізілді.
2025 жылдың екінші жартысында Конфедерация жаңа бастамаларды іске асыруға басымдық береді. Атап айтқанда: өңірлерде әлеуметтік алаңдар ашу, орталықтандырылған білімді тексеру жүйесі бар еңбекті қорғау мамандарын оқыту бойынша онлайн-бағдарламаны іске қосу, 100 кәсіпорында әлеуметтік тұрақтылық мәселелері бойынша социологиялық зерттеу жүргізу,
ТжКБ жүйесін және халықаралық әріптестікті дамытуға басымдық бере отырып, Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру көзделуде.
Маңызды оқиғалардың бірі – 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда өтетін Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының (IOE) аймақтық семинары болмақ. Бұл семинар Орталық Азия елдері өкілдерінің диалог алаңы ретінде қызмет етіп, жұмыс берушілер қауымдастықтарының қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланатын маңызды шара болады.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен Жол картасын іске асыру жалғасады, 2027–2029 жылдарға арналған жаңа бас келісімді жасауға дайындық, вебинарлардың жаңа циклін іске қосу, цифрлық шешімдерді дамыту және ҚР ІІМ ҚАЖК-мен бірлесіп, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар үшін жұмыс орындарын құруға бағытталған әлеуметтік бастамаларға қатысу жоспарланған.