Последняя
Новость

«PARYZ» Конфедерациясы алаңында еңбек саласындағы мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша ҚР ЕХӘҚМ мен жұмыс берушілердің алғашқы жұмыс кездесуі өтті

18 Share

2025 жылғы 10 маусымда ҚР Үкіметі отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауға қатысты бастамаларды қоса алғанда, 10 бағыт бойынша ұсыныстарын таныстырды. Мемлекеттік бақылау рәсімдеріне енгізілетін өзгерістер қатарында: жұмыс берушіні тексеру туралы алдын ала хабардар ету талаптарын алып тастау, өмірге қауіп төндіретін жағдайлар анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторларына жұмысты тоқтату құқығын беру, жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарынан бас тарту ұсынылуда. Бұл шаралардың мақсаты – формалды көзқарасты жою және инспекциялық қызметтің тиімділігін арттыру. Министрліктің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, тиісті заңнамалық түзетулер келісу сатысында тұр.

Аталған құқықтық бастамалар жұмыс берушілердің қызметіне тікелей әсер ететіндіктен, 13 маусымда «PARYZ» Қазақстан Республикасы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының алаңында Еңбек министрлігінің өкілдерімен жұмыс берушілердің кездесуі өтті. Кездесуге ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы Шалқар Оразбеков, «PARYZ» Конфедерациясының бас директоры Қаныбек Жаңбырбаев, бас директордың орынбасары Шолпан Әбікенова, салалық қауымдастықтар мен «PARYZ» құрамындағы кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ мүдделі ұйымдар қатысты.

Кездесу барысында министрлік өкілдері тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеу және келісу сатысында екенін, олар реттеушілік саясаттың консультативтік құжатына енгізілгенін хабарлады. Бизнес өкілдері бұл бастамаларға қатысты елеулі алаңдаушылықтарын білдіріп, түзетулердің қазіргі редакциясы кәсіпорындардың тұрақты жұмысына айтарлықтай қауіп төндіретінін атап өтті. Кенеттен жүргізілетін тексерулер форматын енгізу мен тексеру парақтарынан бас тарту мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырмайтыны, керісінше, еңбек инспекторлары тарапынан құқықбұзушылықтардың көбеюіне алғышарттар туғызатыны баса айтылды.

Кездесу қатысушылары мемлекеттік бақылау жүйесін реформалауға қатысты теңгерімді әрі дәлелді тәсілдің қажеттілігін атап өтті. Мұндай тәсіл мемлекет пен бизнес арасындағы конструктивті диалогқа негізделуі тиіс.

Жаңа нормаларды әзірлеуге негіз болған құқықбұзушылықтар бойынша ашық статистика ұсыну туралы өтініштер айтылып, жұмыс берушілерге қысымды күшейту емес, алдын алу шараларына бағытталған балама тәсілдер ұсынылды.

Талқылау қорытындысы бойынша бизнес және мемлекеттік орган өкілдері қатысатын жұмыс топтары аясында диалогты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Ендігі кездесу келесі аптаға жоспарланған. «PARYZ» Конфедерациясы ХЕҰ Конвенцияларының нормаларына сай ашық және айқын әлеуметтік диалогты қолдайды. Тек теңгерімді тәсіл ғана еңбек саласын және мемлекеттік бақылауды тиімді реттеуді қамтамасыз ете алады.